Оралдың жаңа шағынауданында көпқабатты 150 үй, 8 мектеп салынады

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралдың жаңадан бой көтеретін «Ақжайық» шағынауданында 150 көп қабатты үй салу көзделуде. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облыс орталығын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте қала әкімі Мұрат Мұқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа аудан көлемі - 425 гектар. Онда тұрғын үйлерге қоса 9 600 орындық 8 жалпы білім беретін мектеп, 9 балабақша, денсаулық сақтау нысандары мен 78 балалар ойын алаңын салу жоспарланған.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда жаңа шағынауданды инженерлік желілермен қамту жұмыстары басталды. Оның жалпы ұзындығы - 124,8 км. Жалпы сомасы 4,2 млрд теңге болса, биыл соның 1,7 млрд теңгесі бөлінді. Осы қаржыға сумен, электр желісімен, газбен және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары жүргізілетін болады.
 

Сонымен қатар биыл «Ақжайық» шағынауданын қала орталығымен байланыстыратын көпірмен бірге автожол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады. Бұған 127,890 млн теңге қажет болса, күні бүгін соның 30 млн теңгесі берілді. Құжаттаманы мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамамен бірге 2019 жылдың екінші тоқсанында бітіру көзделуде. Ал жоба «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен 2019-2022 жылдары жүзеге асырылмақшы.

Айта кетейік, биыл қала құрылысының жұмыстарына 13 млрд теңге бөлінсе, соның 80 пайызы (10 млрд теңге) тұрғын үй салуға, 14 пайызы (1820 млн теңге) инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. 2017 жылы басталған 5 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жалғасады. Оған қоса «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 14-інің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды.
 

Биыл барлығы 159,1 мың шаршы метрді құрайтын 21 үйдің (3 242 пәтер) құрылысы басталады.

Елбасы тапсырмасына сәйкес барлық бағдарламалар бойынша («Нұрлы жер», мемлекеттік-жекешелік әріптестік және т.б.) 2018 жылы Оралда 35 көп қабатты үйдің (4 742 пәтер) құрылысы жүргізіледі.