ОРАЛ. ҚазАқпарат - 27 қыркүйекке қараған түні, сағат 03.16 шамасында Оралға қарасты Серебряков кентінде Новостройка 12 мекенжайы бойынша 4 пәтерлік үй отқа оранды.
Орал қалалық ТЖ басқармасының бастығы Марлен Сәрсенғалиевтің айтуынша, өрттің жалпы аумағы 100 шаршы метрді қамтыды. Екі пәтер түгелдей өртке кетсе, тағы біреуінің шатыры жанды.
Сол үйдегі тұрғындардың сөзіне қарағанда, абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Үшінші пәтердің заттары бүлінген, жарамсыз деп айтуға болады. Қазір төртінші пәтерде (Новостройка, 12/4) де электр желісі, газ ажыратылған.
Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары, келген шығын анықталуда.
Айта кетейік, БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы сегіз айда өңірде 391 өрт болса, соның 265-і немесе 67,7 пайызы тұрғын үйлерге тиесілі. Соның ішінде 46 өрт көп қабатты тұрғын үйлерде орын алған. Тұрғын үйлердегі өрт салдарынан 5 адам қаза тауып, 16-сы түрлі жарақат алды. Келтірілген шығын 8 млн. 291 мың теңгені құрады.
Жылыту маусымының басталуына орай облыста өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).