Оралға қонған ұшақта 17 жасар қыз көз жұмды

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайға қонған ұшақта 17 жасар қыз көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

TourDom.ru сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Turkish Airlines әуе компаниясының ұшағы Қазаннан Анталияға 17 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12.44-те ұшқан.

Ұшу кезінде 17 жасар мүгедек қыздың жүрегі тоқтап қалған. Осы рейспен келе жатқан екі дәрігер қыздың жүрегіне массаж жасап, жасанды демалдырғанымен, одан ештеңе шықпады. 

Ұшақ Орал қаласына мәжбүрлі түрде қонды.

«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметі ұшақтың 17 қыркүйек күні 16.01-де қонып, 2,5 сағаттан кейін қайта ұшып кеткенін хабарлады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, қыз жедел жәрдем келгенше ұшақ бортында қайтыс болып кеткен. Бригада сағат 16.02-де шақыртылып, 16.17-де жеткен.

Ұшақта 3 дәрігер болған, олар 45 минут бойы қызды аман алып қалуға тырысқанымен одан ештеңе шықпады.