Оралман-мұғалімдер жұмысқа орналасу үшін құжаттың көптігінен әуре-сарсаңға түсіп отыр

АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Маңғыстау өңіріндегі оралман-мұғалімдер жұмысқа орналасу үшін көп құжаттың әуре-сарсаңына түсіп отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Білім және ғылым министрінің атына сауал жолдаған депутат Зейнолла Алшымбаев осы мәселені көтерді.

«Маңғыстау облысына жақын шетелдерден, атап айтсақ көршілес Түрікменстан, Өзбекстаннан көшіп келген қандас бауырларымыз, оралман-мұғалімдер мәселесі алаңдатады. Бұлар - көрші республикалардың педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген ұстаздар. Олар біздің мектептерімізде өз қызметін жалғастыру үшін ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес шетелден келген мұғалімдердің білімі туралы құжаттарды тану (нострификациялау) ережесі бойынша сараптама жүргізіліп, Ұлттық аккредиттеу орталығы шешім қабылдайды екен. Шетелден алған білімнің мазмұны қазақстандық мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарына сәйкестігі тексеріледі. Бұл дұрыс болар. Алайда, Маңғыстау облысында осындай жағдаймен 100-ге жуық мұғалім құжаттарын өткізсе де ол құжаттар қабылданбаған. Мұғалімдердің уәжіне қарайтын болсақ, ол құжаттарды толық жинастыру мүмкін емес», - деді депутат.

Оның айтуынша, аталған мұғалімдердің көпшілігі қажетті құжаттарды жинақтау үшін көршілес елдегі ЖОО архивін көтертіп, тиісті анықтама алу керек, бірақ оған мүмкіндік жоқ. Ал ондай анықтама болған күнде де пәндердің айырмашылығын оқып, емтихан тапсыру облыс орталығында емес Астанада өткізілуі тиіс екен. «Бұл ұстаздардың бәрін бірдей Астанаға келе алмайтыны тағы рас. Осы себепті бұл ұстаздар қазір жұмыссыз отыр. Жағдайды зерделей келсек, Ұлттық аккредиттеу орталығының тиісті мамандары осы ұстаздардың пән айырмашылықтары курстарын Ақтау қаласында өткізулері керек секілді. Сондықтан, ұстаздардың тиісті біліктілік талаптарын белгілеп, оқытып, қажет болса қайта даярлап, емтихан қабылдап, оларға тиісті құжаттарын Ақтау қаласынан беру мүмкіншіліктерін қарастыруыңызды сұраймын», - деді депутат.