Фильмнің бас продюсері - Әлия Назарбаева. Фильм жетімдікті бастан кешіп, жат елде жүріп, қиындық көрсе де тағдырдың тауқіметіне төтеп берген Ілияс есімді жігіттің тағдырын баяндайды. Айдауда жүрген ол анасын сағынып, қалай болғанда да туған жеріне оралатынына сенеді. Туындыда ананың перзентіне деген шексіз махаббаты, ұлының Отанына деген адалдығын көрсетуді мақсат еткен.
«Бұл картина әлемнің қай елінде көрсетілсе де, қызықты әрі түсінікті болады деп ойлаймын. Себебі бас кейіпкердің тағдыры арқылы бүтін бір дәуірдің тынысын беруге тырыстық», - дейді «Оралу» фильмінің режиссері:. Ақан Сатаев.
Беларусь елінде фильмнің 30-дан аса қойылымдарын түсіру жоспарланған. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ең алапат, сұрапыл шайқастардың бірі - Днепр үшін шайқасты түсіру 12 күнге созылмақ. Тарихты жаңғыртып, сол кезеңді бастан кешіру біз үшін үлкен мектеп болды, - дейді актерлер.
- «Сол дәуірді сезінуарқылы ата-бабаларымызға деген құрметіміз күшейе түсуде. Олардың қандай қиындықтан өткені, ел үшін жер үшін жанын пида еткен. Мен өзім үшін осы жағынан әдемі әсер алудамын», дейді актер Әділ Ахметов.
Фильмді түсіруге Қазақстан, Беларусь, Ресей, мен Украинаның ең үздік киногерлері шақырылған. Кәсіби каскадерлер мен пиротехниктер фильмнің сапалы шығуы үшін тер төгуде. Жалпы сахналық түсірілімдерге 500 мыңнан астам адам тартылып, 300-дей әскери сауыт саймандар пайдаланылған.
Келесі түсірілім Әзербайжан елінде жалғасады. Фильмнің алғашқы көрсетілімі тәуелсіздік мерекесі қарсаңында желтоқсан айына жоспарланып отыр.