Ораза-2025: Рамазандағы жеңілдіктер, жиі қойылатын сұрақтар, пітір садақасы

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы оразаның бірінші күні 1 наурызға сәйкес келіп тұр. Осы орайда Рамазан айына қатысты негізгі ұстанымдарды көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Рамазан оразасы 29 күнге созылады 

Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.

- Биыл ораза 29 күн болады. Өйткені бұл ай есебіменен 29 күннен кем және 30 күннен артық болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті, - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы.

Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айының бірінші күні 1 наурызда басталады. 26 наурыздан 27 наурызға қараған түні – Қадір түні. Ораза айт 30 наурызға, ал Құрбан айт күндері 6-8 маусым аралығына түседі.

Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

Оразаны кімдерге кейінге қалдыруға болады?

- Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» деп әмір еткен. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді, - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы келмейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан. Ал мүлде ораза ұстауға, садақа беруге жағдайы жетпеген жандар Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтып, үнемі дұға-тілекте болуы керек.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

- Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап, - дейді ҚМДБ төрағасы.

Азық-түлік бағасына жеңілдік жасау керек

Бас мүфти кәсіпкерлерді Рамазан айында сұранысы көп заттар мен тауарлар бағасына жеңілдік жасауға шақырды.

- Осы ретте баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы - Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, - деп үндеді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жайылатын кез келген дастарханда ысырапқа жол бірілмеу керек.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

ҚМДБ төрағасы шамасы келген адам садақа мен ауызашар беретінін еске салды.

- Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, яғни кішкене құрма немесе бір жұтым суды ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті. Осы арқылы ауызашардың сауабын алады, – деді ол.

Діни терминдер турасында

Бас мүфти сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған бабаларымыздың ана тілімізге қатысты ұстанымына пікір білдірді.

Фото: ҚМДБ

- Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды - ифтар, сәресін - сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық, - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Рамазан айында жиі қойылатын сұрақтар

Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. ҚМДБ заман үдерісінен барынша қалыс қалмауға тырысып, қасиетті Рамазан айы қарсаңында арнайы бірнеше жобаны қолға алды. Нақты айтқанда, MuftyatBot деп аталатын Телеграм-боты іске қосылды. Жаңа Телеграм-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған.

Сонымен қатар, мүфтият мамандары облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығын есептегенде еліміз бойынша 6 000 елді мекеннің ораза және намаз кестесін жоғары сапада ПДФ форматта muftyat.kz сайтына жариялады. Өзіңізге қажет өңірдің ораза және намаз кестесін сайттан және Телеграм боттан жүктеп алуға болады.

Сондай-ақ Мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру, яғни колл орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Колл орталықтың нөмірі – 8 707 233 30 30.

Пітір – Рамазанда берілетін садақа

Пітір садақасы Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Жалпы, пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда, айт намазынан кейін берсе де ештеңе етпейді. Алайда пітірді айт намазына дейін беру дұрыс саналады.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлының айтуынша, қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар, оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі. 

Осыған орай 2025 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 655 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5626 теңге) немесе 4 келі құрмамен (10 523 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3520 теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.

Айта кетелік барлық өңір бойынша Ораза кестесі жарияланған еді