Ақтаулық бапкер Элвин Агаев жарыс кезінде бақилық болған шәкіртін үш айдан бері жаттықтырғанын жеткізді.
«Ақтаудағы «Батыр» спорт кешенінде облыс чемпионаты өтіп, трагедиялық жағдай орын алды. Бұндай қасіретті ешкімнің басына тілемеймін. Марқұм спортшы қол астымда 3 ай бойы жаттыққан еді. Осыған дейін ол бірде-бір рет денсаулығына қатысты шағым айтқан жоқ. Жаттығуға келмей қалған кездерінде смс жазып, ескертіп жүрді», — дейді бапкер.
Бапкер Қанат Ахуновтың бұған дейін жасөспірімдер арасында айтулы жетістіктерге қол жектізгенін алға тарты.
«Ол кикбокстан әлем және Азия чемпионы атанған. Кейін бір жылдай үзілістен кейін маған жаттығуға келді. Жарысқа 2-3 апта қалғанда бізге қатысу туралы ұсыныс түседі. Шәкірттерімнің арасынан үздіктерін таңдап апарамын. Қайтыс болған Қанат ауыр салмақта өнер көрсетті. Өте тәжірибелі еді. Әлем чемпионатына қатысқанда ол бұдан жеңіл салмақта өнер көрсеткен. Жарысқа қатысатындардың тізімін жасағанда ол да бұл чемпионатқа қатысқысы келетінін айтты. Оның ауыр салмақта сынға түсе алатыны анық байқалатын. Салмағы да жеткілікті, қол-аяғы күшті еді. Бірінші жекпе-жекте уақытынан бұрын жеңіске жетті. 20 секундтқа жетпей қарсыласынан басым түсті. Екінші жекпе-жекпе шығып, өз мүмкіндігін көрсетіп жатты. Алайда кездесудің ортасына жеткенде қарасам бұрынғыдай болмай тұрды. Үзілісте бапкер ретінде әрі секундант болып тұрып аузынан капасын алдым. «Өзіңді қалай сезініп тұрсың?» дегенімде: «Бәрі жақсы, жалғастырамын» деді. Терең тыныс алып көрді. Су бүркідім. Осылайша ол қайта айқасқа шықты. Шамамен 30 секунд өткенде бәрі басқаша болды», — деді бапкері.
Элвин Агаев оқиға бейнежазбада көрініп тұрғанын атап өтті.
«Ол соққы тигенше құлап бара жатты. Негізі Қанат ол соққыдан құламайтын еді. Сондықтан, оны соққыдан құлады деуге келмейді. Сонымен бірге, бұған дейін неліктен бір жылдай спорттан үзіліс жасаған себебін айтқан емес. Ол жанып тұрған жас бала болды. Спортпен өмір сүретін әрі өте тәжірибелі еді», — деді Э.Агаев.
Жекпе-жекке шыққан қос спортшының салмағы сәйкес келген. Сондай-ақ, денсаулығына қатысты тиісті орындардың берген анықтамасында ешқандай кінәрат бары жазылмаған.
«Жедел жәрдем қызметі 10-15 минутта келді. Сосын жансақтау бөліміне әкетті. Барлық мүмкіндікті жасады деді. Алайда ол бізді тастап кете барды. Кеше оқиғадан кейін бізді жинады. Оқиға туралы болған жайды айттық. Бүгін ата-анасына барып көңіл айтамын», — деді бапкер.
Оқыс жағдай кезінде Қанат Ахунов айқас алаңында құлаған сәтте төреші оның капасы мен шлемін шешкен. Сол сәтте дәрігер де көмекке келіп, артынша бапкері де кілемге жүгіріп жетіпті.
«Бәрі Қанатты нокаутқа түсті деп ойлады. Қарсыласы да қуанып жатты. Ал мен тілін жұтып қойды ма деп ойлап, аузына қарадым. Бәрі орнында болды. Осыдан кейін чемпионат тоқтатылды. Ал дәрігерлер өлімнің себебін жүректің тоқтауымен түсіндірді. Ол жарыс алдында мүлдем толқыған жоқ. Өзін өте жақсы сезінді. Осы қарсыласын жақсы танитынын айтып, араласып тұрамыз деп еді», — дейді Элвин Агаев.
Сонымен қоса, жеке бапкері 17 жастағы Қанатты үш ай ішінде апарған алғашқы жарыс болғанын айтып отыр. Сондай-ақ, шәкіртінің бапкеріне айтпастан Ораза ұстап жүргенін атап, «Егер онысын білгенде жарысқа мүлдем апармас едім» деген өкінішін де жасырмады.
Бұған дейін Маңғыстау облыстық Nomad MMA федерациясының өкілдері спортшының өліміне қатысты мәлімдеме жасаған болатын.