Оразақын Асқармен қоштасу рәсімі Алматыда өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін дүниеден өткен белгілі ақын, қоғам қайраткері Оразақын Асқарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматыда өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Белгілі ақын, қоғам қайраткері Оразақын Асқарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 25 қаңтар күні Алматыдағы Жазушылар одағында өтеді. Жаназа сағат 10.00-де басталады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.

Еске сала кетсек, бүгін қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Оразақын Асқар 1935 жылы Қытай Халық Республикасының Іле аймағында дүниеге келген. Құлжа қаласында гимназияны бітіріп, Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түскен. Қосымша «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрған. 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады.

Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қоғам қайраткерінің дүние салуына орай көңіл айтты.