«Оразалин орнында қалды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Олимпиада чемпионы - Алматы қаласының құрметті азаматы» атты материал басылды. Жексенбі күні Алматының жақсы оқиғасының бірі грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіровтің «Алматы қаласының құр­метті азаматы» атануы болды. Спортсүйер қауымның көңілінен шыққан игі іс демалыс күні Алматыдағы Орталық стадионда өткен Қазақстан Республикасының футбол чем­пио­на­тының кезекті ойынының басталуымен орай­лас­тырылған еді. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осы ойынды тамашалауға шақырылған Олимпиада чемпионын лайықты атағымен ұлықтады.

***

«Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, ала таңнан қазақ әйелі көше сыпырады. Темекі тұқылын, қақырық-түкірікті жинап жүреді. Қабақтары қату. Адал жар, аяулы аналарға қысы-жазы базарда пакет сатқызып қойған да - сол баяғы қу тірліктің қамы»,-деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында. Басылым бұл мақаланы «Қазақ әйелі қара жұмыстан қашан құтылады?» деген тақырыппен жариялады.  

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Алматыда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының ХIV құрылтайы болып өтті. Құрылтайға жиналған 553 қа­ламгердің арасынан отызға жуық жазушы президиум төріндегі құтты орындарына жайғасқан соң, құрыл­тай салтанатты түрде Әнұранмен ашылды. Бүгінде Жазушылар одағы мүше­лерінің саны 777-ге жетсе, 2007 жылы өткен құрылтайдан бері, яғни бес жылдың ішінде қазақ халқы 118 қа­ламгерінен айырылыпты. Жазушылар одағының басшысы Н.Оразалиннің аузымен осы марқұм қаламгерлердің есімдері түгел айтылып, жазушылар әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Одақ басқармасының есепті баяндамасын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жасады. Одақ төраға­сы өз сөзінде жазушылардың басын ұйыстырып отырған қара шаңырақтың екі құрылтай арасында атқарған шаруаларын екшеп, жетістігі мен кемшілігін жайып салды. Жазушыларға көмек­тесу жолдарын ойластырудың әлдеқашан пісіп- жетілгенін айтып, аударма ісін өрістету, шетелдермен байланыс мәселесін реттеу, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымын 12 мыңға жеткізу, қаржы жетіспеушілігінен тоқ­тап қалған «Сын» журналын мемлекеттік тапсырыспен қайта шығару жайын ортаға салды. Мақала «Оразалин орнында қалды» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Байлардың бесігі - Азия» атты материал басылды. «Үстіміздегі жылы әлемдегі байлардың қатары біршама толықты. Нақты деректер келтірер болсақ, олардың саны 0,6 пайызға өсіп, 187 380 адамды құраған. Бірақ қаржы дағдарысы олардың қалтасын біршама жұқартқанға ұқсайды. Байлығы 1,8 пайызға төмендеп, 25, 775 триллион долларды құраған. Бұл қаражатқа кедейдің көзімен қарасаңыз, сұмдық. Ал өздері жағдайларының шатқаяқтағанын жиі айтады»-деп жазады газет. Бір қызығы, бұған дейін қал­талылардың көптігі жөнінен алдына ешкімді салмаған Солтүстік Америка бір саты төмен­депті. Миллионерлер мекен­де­ген құрлықтың алдында Азия тұр.

                                                                                          ***

Серік Жексенбаев атты кәсіпкер қазақстандық  қыз-келіншектерді сән салтанатпен қамтамасыз ету мақсатында оларды жылқы сүтіне шомылдыру дәстүрін жаңғыртқысы келеді. Оның пайымдауынша, осы ғажайып әдістің әсемдікке әсері мол және Ежелгі Мысырда өмір сүрген Клеопатра да жылқы сүтіне ұдайы шомылып отырған көрінеді. Бұл туралы «Экспресс-К» басылымында жарық көрген «Джакузи из кумыса» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, қымыздың сусын ретінде пайдасы барлығына аян, алайда оның косметикалық ерекшеліктерін елемей жүрміз.