Оразалы Сәбденнің «Экономика» атты 10 томдық таңдаулы еңбектерінің таныстырылымы болды

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада Қоғамдық Палата мүшелерінің және Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының, экономика саласын зерттеп жүрген ғалымдардың қатысуымен қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, Қоғамдық Палатаның мүшесі Оразалы Сәбденнің «Экономика» атты 10 томдық таңдаулы еңбектерінің таныстырылымы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Сергей Дьяченко кіріспе сөз сөйлеп, елдің дамуы, экономикалық жаңа ізденістер жайлы танымал ғалымның жарыққа шығып отырған еңбегі жөнінде айтып өтті.

Келесі кезекте кітап авторы Оразалы Сәбден он томдықтың әрқайсысына жеке-жеке шолу жасады.

Он томдықтың басты ерекшелігі - мемлекеттік және орыс тілінде қатар шығып отырғандығы. Экономика тақырыбында мемлекеттік тілдегі ғылыми еңбектерді, оқулықтарды табу оқу орындарының ұстаздары мен студенттерге үлкен қиындықтар тудырып келе жатқаны жасырын емес. О. Сәбденнің бұл он томдығы аталған тақырыпты зерттеп жүрген жандар үшін аса қажет екені белгілі.

Айта кету керек, бірінші том «Инновациялық экономика» деп аталады. Бұл томда ел экономикасын жаңаша құру идеялары қамтылған. Әр кітаптың атауы бірізділікпен жалғасын тауып отырған. Екінші том «Бәсекелестікке қабілетті экономика», үшінші том «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері» деген тақырыптарды қамтиды. Одан әрі келесі томдар «Нарықтық экономика» (оқу құралы) (4-том), «Қазақстан экономикасын қалпына келтіру үшін не істеу қажет?» (5-том), «Халық игілігі үшін» (6-том), «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарын қаржы-несиелік реттеу: мәселелер мен болашағы» (7-том), «Шағын кәсіпкерлік» (8-том) деп аталған. Ал тоғызыншы том «ХХІ ғасырдың қарсаңындағы ауыспалы кезеңнің экономикалық саясаты», оныншы том «Ғылым. Білім беру. Нарықтық экономика» деген атаумен жарық көріп отыр.

Жаңа ғылыми еңбек туралы Қоғамдық Палатаның мүшесі, экология, ауыл шаруашылығы жөніндегі секцияның жетекшісі Мэлс Елеусізов, академик Ғани Қалиев, экономика ғылымдарының докторы Мырзакелді Кемел, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова және басқа ғалымдар мен әріптестері мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын он томдық жинақ мамандар мен ғалымдар, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері үшін аса қажетті екенін, жаңа көзқарастар мен нақты ұсыныстар жазылғанын айта келіп, кітап авторына шығармашылық табыс тіледі.