Орбан Украина бойынша ЕО-ның 27 елі қабылдамақ болған декларацияны бұғаттады
АСТАНА. KAZINFORM — Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украина бойынша ЕО-ның 27 елі басшыларының бірлескен декларациясын қабылдауға тағы да кедергі келтірді. Бұл туралы Орбан 20 наурыз, бейсенбі күні Х әлеуметтік желісінде жазба қалдырды, деп хабарлайды Dw.com .
Декларацияны 26 ел қабылдады
Еуроодақ елдерінің 26 мемлекетінің басшылары жариялаған декларацияда Киевке қолдау білдіру айтылды, деп хабарлайды AFP агенттігі. Құжатта Украинаға шұғыл әскери және қорғаныс қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін күш-жігерді жеделдету қажеттігі атап өтілген.
Сондай-ақ, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кайя Калластың Украинаға биыл 5 млрд еуро көлемінде артиллериялық оқ-дәрілер бөлу бастамасы туралы айтылды. Декларацияда Еуроодақтың Украинаның ЕО-ға мүшелікке өту жолындағы реформаларын қолдауды жалғастыратыны ерекше атап көрсетілді.
Украинаға әскери көмек пакеті
Бұған дейін Виктор Орбан Украинаға қатысты ЕО шешімдерін бірнеше рет бұғаттаған немесе кешіктірген болатын.
4 наурызда Politico басылымы Венгрия билігінің Украинаға 20 млрд еуро көлемінде әскери көмек көрсету туралы Еуроодақ шешімін қабылдауға кедергі келтіргенін хабарлады.
Бұл көмек пакеті туралы алғашқы мәлімет 21 ақпанда Politico-да жарияланып, ЕО дипломаттары Венгрияның қарсылығына байланысты бұл қаражат барлық одақ атынан емес, жеке мемлекеттер арқылы бөлінуі мүмкін екенін айтқан еді.
Бұған дейін Виктор Орбан ЕО басшылығына бірқатар талаптар қойған болатын.