«Ордабасы» 2026 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 7 қарашада футболдан Қазақстан кубогы финалында «Қайсар» (Қызылорда) — «Ордабасы» (Шымкент) командалары кездесті.

Фото: «Ордабасы» ФК

Кездесу барысында шымкенттік футболшылар жылдам гол соғуға тырысты. Ойын басынан тізгінді өз қолында ұстауға тырысқан олар дегеніне көп ұзамай жетті. Алғашқы голды 7-минутта «Ордабасы» сапынан Сұлтанбек Астанов 7-минутта өзінің еншісіне жазды.

Ойынның 41-минутында олардың қатарынан Берн Йонсен басымдықты арттырды.

Екінші кезеңде шымкенттік команда тағы екі мәрте көзге түсті. Алдымен Давид Абагна 60-минутта гол соқса, Эльхан Астанов 71-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. 

Ойынның 84-минутында «Қайсар» сапынан Агостиньо Магальяеш мергендік танытты.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, өзінің тарихында үшінші мәрте Қазақстан кубогының иегері атанды. Шымкенттік клуб бұдан бұрын 2011, 2022 жылдары кубокты төбесіне көтерген еді.

Сондай-ақ «Ордабасы» биыл Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Нәтижесінде олар биыл екі турнирде бас жүлдеге қол созды.

Финалға дейін «Ордабасы» алдымен шымкенттік «Оңтүстік академия» (4:2), ақтаулық «Каспий» (3:0), талдықорғандық «Жетісу» (1:0), өскемендік «Алтай» (3:1, 2:1) клубтарын жеңді. 

Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін барлығы 15 команда кубокты жеңіп алды. Оның ішінде «Қайрат» (Алматы) -10, «Жеңіс» (Астана), «Астана», «Тобыл» (Қостанай) — 3, «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) — 2, «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы), «Спартак» (Семей) 1 мәртеден жеңімпаз атанды.