«Ордабасы» сырт алаңда «Жетісуды» жеңіп, чемпиондыққа жақындай түсті

Фото: Фото: Мұхтар Холдорбеков/"ҚазАқпарат" ХАА

Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-турында шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда «Жетісуды» жеңіп, чемпиондыққа жақындай түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттік «Ордабасы» өз тарихында алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізуге жақын тұр. Басты қарсыласы - елордалық «Астана» 30 қыркүйекте сырт алаңда «Ақтөбеден» 0:2 есебімен жеңіліп қалған еді.

Бұл «Ордабасының» чемпиондыққа бір табан жақындауына мүмкіндігін арттырды. Сондықтан бүгінгі кездесуде олар жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді.
Командалар алғашқы кезеңде бір-бірінің қақпасына гол соға алған жоқ. Ойынның 55-минутында «Ордабасы» сапынан Артем Беседин мергендік танытса, 64-минутта Темірлан Ерланов есепті үстемелей түсті. Оған «Жетісу» сапынан Ілияс Әмірсейітов 79-минуттан бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, чемпиондыққа жақындай түсті. Енді олар алдағы ойында бір ұпай алса, жеңімпаз тұғырынан көрінеді.

Айта кетсек, 30 қыркүйекте тағы бір кездесуде «Шахтер» «Тобылды» 2:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ, бүгін өз алаңында «Ақсу» «Қайсарды» 2:0 есебімен жеңсе, «Қызылжар» «Оқжетпеске» 1:2 есебімен есе жіберді.

Аталған турда бүгін алғашқы кезеңнен кейін «Каспий» «Қайратты» 1:0, «Атырау» «Мақтаралды» 2:0 есебімен жеңіп жатыр.