Ордабасы ауданында із-түзсіз жоғалған 14 жасар қыз табылды

ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Ордабасы ауданында 14 жастағы жасөспірім із-түзсіз жоғалып кеткен. Жергілікті полицияға арызданған ата-ана қызының үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмағанын айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қызды іздеуге кіріскен тәртіп сақшылары топ-топқа бөлініп, қыздың ерекше белгілері бойынша ізіне түскен. Жедел атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім қыз анасының танысының үйінен табылды. Денсаулығына төнген ешқандай қауіп жоқ. Сонымен қатар, жасөспірімнің үйінен кетіп қалуына не себеп болғаны жөнінде жауап алынуда. Өз кезегінде қызын тез арада тауып бергеніне риза болған ата-ана полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырды.

Осыған ұқсас тағы бір жағдай Сарыағаш ауданында да орын алды. Жергілікті тұрғын сауда орталығында сауда жасап жүріп, қасындағы 4 жасар қызынан көз жазып қалған. Өз бетінше іздеп көргенімен, таба алмаған. Полицияның көмегіне жүгінген соң ғана бүлдіршін санаулы сағаттың ішінде табылған.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде тәртіп сақшылары із-түзсіз жоғалған 9 бүлдіршін мен жасөспірімді тауып, ата-анасына табыстаған.