Ордабасы ауданында спорт кешені ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Спорт күні қарсаңында Түркістан облысы, Ордабасы ауданының Қарақұм ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары қуанышқа кенеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қарақұм спорт кешенінің ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев тұрғындарға аудан басшысының құттықтауын жеткізіп, ғимараттың ашылуына еңбек сіңірген азаматтарға Алғыс хат табыстады.

Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған Ермекбай Сатенов көпшілікті мерекемен құттықтап, атқарылған жұмыстар үшін ризашылығын білдірді.

Жалпы, Ордабасы ауданының спорт саласында айтулы жұмыстар атқарылып келеді. 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен Ұялыжар мен Темірлан ауылынан ашық алаңша мен стрит воркаут ашылған болатын. Аудан орталығындағы саябақ та осындай нысанмен толықты. Көпқабатты үйлердің ауласында 2 ашық алаңша, «Бәйтерек» мектебінің спорт залы мен алаңшасы салынды.