Ордабасы ауданында жеке меншік қос балабақша ашылды - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында тағы екі балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында Шұбарсу мен Бадам ауылында ашылған "Айназия" мен "Ұлы Орда" бөбекжай балабақшаларының әр қайсысы 150 баладан қабылдап, жұмысын бастады. Балабақша заманауи жиһаздармен және барлық қажетті дүниелер мен толық жабдықталған. Ел болашағы бүлдіршіндердің жақсы тірбие мен белгілі деңгейде білім алып шығуларына да мүмкіндіктер барынша қарастырылған. Ашылу салтанатында аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков тұрғындарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, өңіріміздегі игі істер туралы баяндады. Бүлдіршіндерге ізгі тілегін жеткізіп, балабақша құрылтайшыларына алғыс айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты З.Маханова да ниеттестігін білдіріп, кәсіпкерлерге қолдау жылдан жылға артып келетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, бала болашағы үшін атқарылар істер жалғасын табуына тілектестік білдірді. 

Айта кету керек, Ордабасы ауданы бойынша бүгінгі таңға жеке меншік балабақша саны 25-ке жетті. Аудандағы жалпы 40 балабақша мен 21 шағын орталықта 6375 бала мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамтылды. Бұл аудан бойынша бүлдіршіндердің 82,9 пайызын құрайды.