«Ордабасы» Боснияда жеңіліп қалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының «Ордабасы» футбол командасы Боснияда жеңіліп қалды. «Широки Бриег» командасы өз алаңында 2-0 есебімен алға шықты , деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесу «Ордабасы» футболшыларының  шабуылымен басталды. Дегенмен, алғашқы қауіпті сәтті қонақтар жасады. Славка Браличтің тепкен добы қақпа бағанасына тиіп кері кетті. Қонақтар сапында Фонтанелло бес метрдей жерден соққы жасап допты қақпадан биіктетіп жіберді. Ойынның 37-ші миинутында сол Фонтанелло айып алаңында Иван Кристановичті шалып жықты. Осы өрескелдігіне орай венгриялық төреші «Ордабасы» қақпасына 11метрлік айып добын белгіледі. Кристановичтің өзі айып соққысын тамаша орындап өз командасын алға шығарды. Есеп 1-0.

 

Осылайша ойламаған жерден қателік жіберген Алексей Петрушин шәкірттері есепті теңестіреміз деп жүріп тағы бір қателікке бой алдырды. Бұл ретте қақпашы Алмат Бекбаев әуедегі допты қайтарамын деп, дер кезінде жете алмай қалды. Осындай олқылықты  пайдаланған Кристонович  екінші голды баспен салды. Есеп 2-0.

 

Екінші кезеңде «Ордабасы» басым ойнады. Бірақ, өткір шабуылға нүкте қоятын хас шебер шабуылшы болмады. Таңат Нөсербаевты екі бірдей мығым қорғаушылар қоршап жүрді. Алаң иелері екінші таймды көбінде алыстан  теуіп есепті ұлғайтпақ болды. Дегенмен, Алмат Бекбаев қырағылық танытып бірнеше соққыға тосқауыл бола білді. Бас бапкер алаңға Виталий Ли мен Никита Бочаровты шығарғанымен,  олар да ойынға өзгеріс енгізе алмады. Таблодағы есеп 2-0 күйінде ойын аяқталды.

 

Енді қарымта кездесу 6 шілде күні Алматы қаласындағы орталық стадионда сағат 21-00-де өтеді. Өз алаңында талапқа сай емес жарықтың салдарынан  кездесу өткізе алмайтын «ордабасылықтар» Алматыға сабылатын болады. Жылдар бойы күткен жанкүйерлердің  басым бөлігі өз командасының матчын өздері тамашалай алмайды. Қалай болғанда да Еуропа  лигасына  жол  тартқан  Шымкенттің «Ордабасының» әлі де жарысты жалғастыруға мол мүмкіндігі бар.