АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттің «Ордабасы» командасы футболдан Қазақстан кубогы финалына берілген екінші жолдамаға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкенттік клуб бүгін, 19 қазанда жартылай финалда елордада жергілікті «Астана» клубымен шеберлік байқасты.
Ойын барысында «Астана» сапынан Диас Қанатқали 22-минутта өзінің қақпасына гол соғып алды. Ал Владислав Прокопенко 32-минутта таразы басын теңестірсе, 39-минутта елордалық клубты алға шығарды.
Ал 65-минутта «Ордабасы» ойыншысы Луис Гедеш таразы басын теңестірсе, 98-минутта Серж Ньюадзи шымкенттік клубқа жеңіс сыйлады.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 3:2 есебімен финалға жолдама алды. Олар енді 12 қарашада Оралдың «Ақжайығымен» кубокты сарапқа салады.
Еске салсақ, оралдық клуб бүгін өз аалңында «Тараз» командасын 5:3 есебімен жеңді.
«Ордабасы» 2011 жылы Қазақстан кубогына ие болса, 2007 жылы финалда Қостанайдың «Тобылына» есе жіберіп қойды.
Фото: fcordabasy.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.