АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 8-турында «Ордабасы» «Қайсардан» басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында алаң иелерінің басымдығы байқалып тұрды. Ойынның бірінші кезеңінде, 37-минутында «Ордабасы» сапынан Асхат Тағыберген көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Екінші кезеңде алаң иелері сапынан Бобур Абухаликов 52, Темірлан Ерланов 76-минутта гол соқса, 92-минутта Айбар Жақсылықов қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша, «Ордабасы» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, бүгін «Тобыл» өз алаңында «Қайратқа» жол берді.
Сондай-ақ, «Астана» командасы «Мақтаралдан» басым түсті.
Ал, 7 мамырда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Каспий» (Ақтау) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қызылжар» (Петропавл) командалары ойнайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.