«Ордабасы» өз алаңында «Каспийден» басым түсті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде 1-турдың алғашқы ойыны аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел біріншілігінің алғашқы ойыны «Ордабасы» (Шымкент) мен «Каспий» (Ақтау) командалары арасында өтті.

Шымкентте өткен кездесуде командалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде, 6-минутта алаң иелері сапынан Бауыржан Исламхан айып добын орындау арқылы доп додасының алғашқы голын соқты. Осылайша, ол екі жылдық үзілістен кейін ел біріншілігінде ресми матчта алғашқы голдың авторы атанды.

Айта кетсек, 2020 жылдың қыркүйек айында Біріккен Араб әмірлігінің «Аль-Айн» командасы құрамында Азия чемпиондар лигасындағы кезекті ойынынан кейін оның тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсетіп, екі жылға үлкен футболдан шеттетілген еді. Жаза мерзімі 2020 жылдың қараша айында аяқталды.

Бүгінгі кездесуде алаң иелері қатарынан Асхат Тағыберген 49, Бобур Абдихоликов 66-минуттарда есепті үстемелей түсті.

Оған 71-минутта «Каспий» ойыншысы Георгий Панцулая бір голмен жауап қайырды.

Осылайша, «Ордабасы» алғашқы турда қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, бүгін «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ақтөбе», «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақсу» (Павлодар облысы), «Астана» мен «Шахтер» (Қарағанды) кездеседі.

Ертең, 5 наурызда «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Қайрат» (Алматы) пен «Атырау», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.