АСТАНА. ҚазАқпарат – 10 шілде күні футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде шымкенттік «Ордабасы» сегізінші ойын қатарынан жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент клубы 17-турдың алдын ала өткізілген ойынында көкшетаулық «Оқжетпеспен» кездесті.
Турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Ордабасы» бұл кездесуде де жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соқты.
Ойын барысында Бобыр Абдухоликов –14, Всеволод Садовский 36-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ал Асхат Тағыберген – 64, Бауыржан Исламхан 86-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындады.
Осылайша шымкенттік клуб қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Аталған жеңісінен кейін «Ордабасы» турнир кестесінде 38 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Дәл сондай ұпай жинаған «Астана» екінші орынға ығысты.
Енді 15 және 16 шілде күндері 15-тур ойындары өткізіледі.
Еске салсақ, футболдан Қазақстан кубогында «Ордабасы» мен «Тобыл» кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.