«Шымкент» ƏКК» АҚ филиалының мәліметінше, аталған инвестициялық жоба «TURKISTAN INVEST» компаниясының «Green technology industries» ЖШС арқылы жүзеге асырылып отыр.
Ордабасы ауданының «Бадам» индустриялдық аймағында 4 гектар жерде орналасқан зауытқа 5 млрд 985 млн теңге жұмсалған. Мұнда енді 250 тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда өндіріс ошағында ПЭТ түйіршіктерін өндіру басталды. Ал, талшық өндіру келер жылдың наурызында қолға алынбақ.
Мамандардың айтуынша, қайта өңдеу кезінде шикізат ретінде пластикалық қалдықтар пайдаланылады. Бұл инвестициялаудың перспективалы бағыты болып табылады. Егер біраз уақыт бұрын бұл болашақтың «бизнесі» деп саналған болса, бүгінгі күні тек Қазақстанда немесе Орталық Азияда ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша маңызды өндіріс болып есептеліп отыр. Дайын өнімді кәсіпкерлер ТМД елдеріне экспорттамақ.