«Ордабасы» клубының баспасөз қызметінен хабарлағандай, команданың қарсыласы «Краснодар» құрамында негізінен жастар өнер көрсеткен. Ойынның бірінші кезеңі қонақтардың басымдығымен өтіп, нәтижесінде ресейліктер қатарынан үш гол салған.
Ал ойынның екінші кезеңі мүлдем басқа бағытта өрбіген. Шымкенттік команданың ойыншысы Еркебұлан Тұңғышбаев әдеттегідей қақпашымен бетпе-бет шығып барып, есеп айырмасын қысқартты. Есеп - 1:3 болды. Сондай-ақ кезекті шабуыл кезінде Диакатенің тепкен добын қақпашылардың бірі кері қайтарамын деп, абайсызда өз қақпасына енгізіп алды. Есеп - 2:3. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда биылғы маусымға ерекше дайындықпен келген Ұлар Жақсыбаев Абдрахманның жеке шығуына мүмкіндік жасады. Алайда, Ресейдің «Краснодар» ойыншылары оны өрескелдікпен шалып құлатты. Сол жерден белгіленген 11 метрлік айып соққысын Абдулай Диакате мүлт жібермеді. Қорытынды есеп - 3:3.
Енді оңтүстіктің ойыншылары 27 қаңтар күні Грузияның «Самтредио» командасын қабылдайды деп жоспарлануда.