Ордостағы Шыңғыс хан кесенесінде дәстүрлі тасаттық беру шарасы өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу
Моңғолия әуе күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, ұшқыш генерал-майор Мүдәріс Зайсановты еске алды- kaznews.mn
Ұланбатыр қаласында Қазақстан Елшілігі Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай және Жеңіс күні қарсаңында Моңғолияның атақты қазақ ұшқышы, Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсановтың құлпытасына гүл шоғын қою рәсімін өткізді, деп хабарлайды KAZNEWS ақпараттық порталы.
***
Ордостағы Шыңғыс хан кесенесінде дәстүрлі тасаттық беру шарасы өтті - «Жэньминь жибао» (People Daily)
Қытай Халық Республикасы, Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Ордос қаласына орналасқан Шыңғыс хан кесенесінде жыл сайынғы дәстүр бойынша көктем мезгілінде берілетін тасаттық шарасы өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.
Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» ХАА өткен жылы осы Шыңғыс хан кесенесінің тарихынан сыр шерткен, сондағы сақталған ұлы ханның құнды жәдігерлері туралы баяндаған, «Шыңғыс хан кесенесінің Ордоста тұрғызылуының сыры неде» атты мақала жариялаған болатын.
***
Түрік компаниясы Қазақстанда күн энергиясы стансасын салады - ТРТ
Түркиялық Чалык Холдинг Қазақстанда 50 мегаваттық Күн энергиясы стансасының құрылысын бастайды, - деп жазады Түркия Радио Теледидар порталы.
Аталған БАҚ-тың жазуынша, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов бастаған қазақ бизнесмендер делегациясы Түркияда түрік компанияларымен кездесу өткізген.
«Қазақ делегациясы мен Чалык Холдинг өкілдері арасында өткен кездесуде компания өкілдері Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін атап көрсетті. Аталмыш компания алғашқы сатыда Қазақстанда Күн энергия стансасының құрылысын бастайды. Делегация сонымен бірге Йылдырым Холдинг басшыларымен де бас қосты. Кездесуде Қазақстандағы кен және металлургия саласындағы жобалар талқыланды. Йылдырым Холдинг пен «Қазгеология» АҚ қатты пайдалы қазбаларды іздестіру мақсатында жер қойнауын геологиялық барлау жөнінде бірлескен кәсіпорын құру туралы келісті. Сондай-ақ, Қазақстан делегациясы Eczacıbaşı Holding және Bak-Ay текстиль компания басшыларымен де кездесу жүргізді»,- деп хабарлайды ТРТ порталы.
***
Қазақ халқы туралы қытайлар түсірген фильм халқаралық фестивальде бас жүлде еншіледі - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)
Қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігін арқау еткен, Қытайдағы араб тілінде шығатын телеарна түсірген «Естен кетпес Ақсай» атты деректі фильм халқаралық араб телерадио фестивалінде бас жүлде еншіледі, деп хабарлайды қытайлық kazakcnr.com сайты.
Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қытай телерадио корпорациясының құрамына кіретін халықаралық телеарналар орталығы CGTN-нің араб тіліндегі арнасы түсірген «Естен кетпес Ақсай» атты деректі фильм, Тунис Республикасының астанасы Тунис қаласында өткен XIX халықаралық араб телерадио фестивалінде «Ең үздік» деректі фильм» жүлдесін жеңіп алған. Бұл деректі фильмге Қытайдың Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұратын қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық салт-дәстүрі арқау болған.
«Қытайдың халқаралық CGTN арнасы «Естен кетпес Ақсай» атты деректі фильмді 2017 жылы Гансу өлкесінің Ақсай ауданында түсірген. Фильмде Ақсай қазақ автономиялы ауданында мекендеген қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі қолөнері, асау үйрету, ат бәйгесі, ақындар айтысы секілді өзгеше ұлттық мәдениет жауһарларын көрсетуге, дәріптеуге басымдық берілген. Мұндағы қазақтар Гансу өлкесіне XX ғасырдың 30-40-шы жылдары, түпкі атамекені Шыңжан жерінен ауып келген. Олар қазіргі күні де өздерінің төл ұлттық салт-дәстүрін сақтай отырып, қазақтар жиі қоныстанған мекендерден оқшау, бір шоғыр болып өмір сүріп жатыр. Ал «Естен кетпес Ақсай» фильмінің бағын жандырған халқаралық араб телерадио фестиваліне әлемнің көптеген елдерінің телеарналары қатысқан. Оған бүкіл араб мемлекеттерінің телеарналарынан бөлек, BBC, франциялық France24, ресейлік RT секілді халықаралық беделді БАҚ-тардың араб тілінде шығатын телеарналары бақ сынап, бәсеке көргін қыздырған», - деп жазады kazakcnr.com сайты.
***
Астана қаласында «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті- «Фарс» ақпарат агенттігі
Қазақстанның елордасы Астана қаласында «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.
ИИР Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын таныстыру рәсімінде кітаптың аудармашысы Бақытқожа Рүстемов осы күнге дейін әлем елдерінің танымал жетекшілерінің ойлары туралы 30-ға жуық кітаптың орыс, қазақ және өзбек тілдеріне аударылғанын айтып: «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың басқа кітаптардан айырмашылығын ИИР-ның негізін қалаушының ойларының Құран мен шариғатқа негізделгені» деп атады. ИИР-ның Қазақстандағы мәдени өкілі Масуд Шейх Зейнеддин тұсаукесер рәсімінде Иран мен Орта Азияның байырғы көршілер екенін, сондықтан өз мәдениеттерінде көптеген ортақтастықтарға ие екендігін айтып: «Мәдени ортақтастықтар халықтарды бір-біріне одан ары жақындастыра түседі», -деді.
***
Қазақстан салтанатты жауынгерлік парад өткізді - «Жэньминь жибао» (People Daily)
Қазақстан әскері мен арнайы қызметінің әскери қызметшілері 7-ші мамыр күні қазақстанның оңтүстігіндегі «Отар» әскери базасында салтанатты жауынгерлік парад өткізді, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.