Кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағынан бастап Ұлт Көшбасшысы болған кезіне дейінгі өмірі мен еңбек жолы баяндалады. Оны, сондай-ақ, Елбасымыздың осы кезге дейінгі өмірі мен қызметінің ең маңызды кезеңдері ресми әрі мейлінше жүйелі де толық баяндалған туынды деп атауға болады.
Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, ұдайы оқып, тынбай ізденіп, өзін өзі жетілдірудің арқасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жоғары мәртебелі қызмет лауазымына ие болып, бүгінде аты әлемге танымал саяси қайраткердің деңгейіне көтерілген Елбасымыз Н.Назарбаевтың ғибратты өмір жолы кім-кімді де қызықтырмай, таңдандырмай қоймайды. Мұның өзі әсіресе болашақ өмір жолын, еңбек жолын айқындауды ойланып жүрген жасөспірімдеріміз бен жастарымыз үшін жақсы үлгі-өнеге екені анық.
Сондықтан, Қазақ радиосы «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын кітаптан «Өрелі өмір өнегесі» айдары бойынша хабарлар циклын бастап, тыңдармандар назарына ұсына бастады. Жетекшісі Махмұт Қасымбеков, ал жауапты редакторлары Махат Садық пен Серік Сейітман. Бағдарлама күн сайын эфирге жол тартып, 1-ші желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлады Қазақ радиосынан.