«Өрімдей сәбидің өмірін өксікке толтырғандар сотталумен ғана шектеле ме?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Біздің еліміз бен Жапония арасындағы дипломатиялық қа­тынастардың жиырма жыл­ды­ғы­на орай ҚР Жапониядағы Ел­ші­лігі «Хиросима-Семей про­джэкт» үкіметтік емес ұйы­мының қол­дауы­мен Хиросима қаласында ҚР халық әртісі Роза Рымбаеваның қайырымдылық концерттерін ұйымдастырды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қазақ әні Хиросима аспанында қалықтады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қазақ қызының  ғажайып дауысы жапондық тыңдарман­дар­ды толғандырды. Әсіресе, әнші ядро­лық қаруға қарсы қозғалыстың әнұранына айнал­ған «Заманайды» ағылшын және жапон тіл­де­рінде шыр­қа­ғанда, жиналған қау­ым дүркіре­те қол соғып, қошемет көр­сетті.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу интститутының бас директоры,  ветеринария ғылымының докторы, академик Қанат Мыңжасовпен арадағы сұхбат «Қазақстандағы қара малдың бес пайызы ғана асыл тұқымды» деген тақырыппен берілген. Еліміздегі мал шаруашылығының проблемалары мен қиындықтан шығу жолдары жайлы өрбіген әңгіме барысныда ғалым: «Менің ойымша, Зеңгі баба тұқымын шеттен сатып алып жатқанымыз өте орынды. Себебі қазақстандағы қара малдың тек 5 пайызы ғана асыл тұқымды. Ал жаңағы мен айтып отырған шет мемлекеттерде бұл көрсеткіш 60, кейде 80 пайызға дейін жетеді екен. Демек, қазақ сиырларының тұқымын жақсарту, яғни селекциялық үрдіс үшін бұл өте маңызды және міндетті іс», - дейді.

 

«Аюандық демеске амал жоқ. Шаруалары шығып, үш жастағы қыздың нағашыларының үйіне тастап кеткен ата-ана кешкісін сұмдық жайттың кәгері болды. Кішкене қарындасын қарап қалған 23 жастағы нағашы ағасы бүлдіршінге айтуға ауыз бармайтын көргенсіздік көрсеткен. Үйіне келген соң дәретке отырарда «ағам ауыртып қойды» деп шырқыраған сәбиді амалсыздан дәрігерге көрсеткен ата-ана мәселенің бұлай өрбуін мүлде күтпеген де еді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланың мән-жайын «Өрімбей сәбидің өмірін өксікке толтырғандар сотталумен ғана шектеле ме?» деген тақырыптан біле аласыздар.

 

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында ТҮркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлімен арадағы сұхбат «Түркі әлемі тарихшылар қауымын құратын мезгіл жетті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біздің мәдениетіміз де, мәдени мұрамыз да ортақ. Оны ортақ зерттеу барша түркі жұрты үшін үлкен олжа болары анық. Бұл мәселені де Елбасымыз 2006 жылдан бері көтеріп келеді», - дейді.

***

Жер бетінде құпиясы ашылмаған тылсым аймақтың бірі - «Бермуд үштағаны». «Шайтан үштағаны» аталған бл аймақ талай ұшақтар мен келмелерді жұтып жіберді, сонымен бірген мыңдаған адамдардың ажал құшуына себепкер болды. Адамның таңданысымен қоса, үрейін тудыратын мұндай аймақ тек Атлант мұхитында ғана емес, әлемнің басқа да өңірлерінде көптеп кездеседі екен. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Әлемнің құпия аймақтары» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

 

Биылғы Ұлттық бірыңғай тест қатаң тәртіппен өтті. Қатаң тәртіпті қамаудай көрген талапкерлердің талайының жүйкесі сыр бере жаздағаны да жасырын емес. Неліктен? Оған кім кінәлі? Міне осы сауалдарға «Айқын» газетіне сұхбат берген EDTECH-KZ Халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев егжей-тегжейлі жауап берген. «Шетелдерде білікті мамандар бар екендігіне еш шүбә келтірмейміз. Бірақ біздің оқушыларды ұлттық бірыңғай тестке дайындауда, өзіміздің отандастарымыздан артық ешкім де дайындай алмайды. Орталық ұстаздарының қасында кез келген шетелдің маманы қалып қояды десем, артық айтпаған болар едім», - дейді ол «Біздің білім орталығынан Лондондағылар да үйренгісі келеді» деген тақырыппен берілген сұхбаты барысында.