Орынбор зауыты қайтадан Қазақстан газын қабылдай бастады

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қарашығанақ кен орнындағы өндірістік процестер кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

— Орынбор газ өңдеу зауыты қазақстандық кен орнынан шикі газ қабылдауды қайта бастады. Осыған байланысты жобаның операторы 19 қазандағы оқиғаға дейінгі штаттық деңгейге жету үшін газ өндіру көлемін біртіндеп арттырып жатыр.

Шикізат қабылдаудың уақытша тоқтатылуы мен өндірудің қысқартылуы елдің ішкі нарығын газбен қамтуға кері әсер етпеді. Қазақстандық тұтынушылар алдындағы барлық міндеттемелер толық орындалды және орындалуын жалғастырып жатыр, — делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, Қарашығанақта отандық газ өңдеу зауытын салу стратегиялық маңызға ие жоба ретінде белгіленген.

Бұл жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асыратын болады. Қазіргі уақытта зауытты кен орнының қолданыстағы инфрақұрылымына қосу бойынша техникалық параметрлер келісіліп жатыр.

Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Үкіметінің толық бақылауында. 

Айта кетелік 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытына ұшқышсыз әуе аппаратының шабуылы салдарынан апатты жағдай тіркелген еді