Орынборда Иреклі су қоймасынан Жайыққа секундына 141 текше метр су жіберіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Жайық өзеніндегі нақты ағын көлемі 4,1 млрд текше метрден асты.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда Ресейдің Орынбор облысындағы Иреклі су қоймасынан Жайыққа секундына 141 текше метр су жіберіліп жатыр.

Оның сөзіне қарағанда, келіссөздер нәтижесінде Ирекліден жіберілетін су 90 текше метр-секундтан осыншама көлемге ұлғайтылды.

— Биылғы 11 тамыздағы мәлімет бойынша Бәйтерек ауданы Январцев ауылындағы гидробекеттегі Жайықтағы су деңгейі 209 см, су шығыны 238 текше метр-секунд (өткен жылы осы мерзімде 172 см, 168 текше метр-секунд) болды. Орал қаласы тұсында су деңгейі 138 см (өткен жылы — 99 см), Көшімде 169 см, су шығыны 214 текше метр-секундты (2025 жылы — 138 см, су шығыны — 173 текше метр-секунд) көрсетті, — дейді Ғ.Азидуллин.

Инспекция басшысының айтуынша, күні бүгін Орал-Көшім суару-суландыру жүйесіне 24,4 текше метр-секунд су ағыны түсуде (көпжылдық орташа ағын — 13 текше метр-секунд). Су қоймаларының жалпы көлемі 260,3 млн текше метр болса, олар 163,27 млн текше метрге немесе 62,72 пайызға толтырылған.

Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК-ның Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі бойынша вегетациялық кезеңде су тұтынушылармен 184 шарт жасалды.

— Биыл Ресей Федерациясы аумағынан Еділ өзенінің суын тасымалдау шығынын өтеуге 3 млрд 707 млн теңге бөлінді. Осы қаражатқа 68,5 млн текше метр Еділ суын беруге шарт жасалды. Осының 42,1 млн текше метрі Қараөзен мен Сарыөзен, 26,4 млн текше метрі Жәнібек суару-суландыру жүйесі арқылы келеді. Бұдан бөлек, Еділ өзенінен Қараөзен мен Сарыөзенге, сондай-ақ Жәнібек суару-суландыру жүйесіне 100-120 млн текше метр су беруге жұмсалатын шығындарды өтеуге жыл сайын республикалық бюджеттен қаражат қарастырылады. Бұл трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануды және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін мемлекеттік қолдаудың маңызды тетігі болып есептеледі, — деді Ғ.Азидуллин.

Инспекция мәліметіне сәйкес Қараөзен мен Сарыөзенге 13 мамырдан бастап су беріліп жатыр. Осы кезге дейін Қараөзенге 15,2911 млн текше метр, Сарыөзенге 14,583 млн текше метр су жіберілді. Қазіргі таңда Қараөзенге секундына 3 текше метр, Сарыөзенге 3,5 текше метрден су босатылған. Оған қоса Волгоград облысы Палласов суару-суландыру жүйесінен Жәнібек суару-суландыру жүйесіне 15,990 млн текше метр Еділ суы алынды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда су үнемдеудің өзекті мәселелерін қалай шешуге болатынын жазған едік.