Орынборда «Көне Түркістан және Ясауи мұрасы» атты көрме өтіп жатыр

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 8 тамызында Орынбор губернаторының тарихи-өлкетану музейінде (РФ) «Көне Түркістан және Ясауи мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Көрмені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырды.

Экспозицияда бірегей археологиялық жәдігерлер мен Ұлы Жібек жолының орталығы ежелгі Түркістан тарихымен байланысты 150-ден астам құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында сәулет бөлшектері, фотоматериалдар, монеталар, керамикалық бұйымдар және басқа да жәдігерлер бар.

Сонымен қатар ортағасырлық монеталар ерекше көзге түседі. Олардың әрқайсысы – өз заманының саяси және экономикалық оқиғаларын баяндайтын мұра. Оларды мұқият зерттеу арқылы аймақтағы сауда байланыстары мен биліктің даму қарқынын бақылауға болады. Бүкіл түркі әлемінің рухани мәдениетіне терең әсер еткен XII ғасырдың ұлы философы, сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасына ерекше назар аударылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Көрмеде Ясауи мен оның ізбасарларының қолжазбалары бар. Бұл мәтіндер бүкіл түркі әлемінің мәдениетіне терең әсер еткен Ясауидің рухани әлемі мен философиялық көзқарастарының жинағы. Оның философиясының Еділ мен Орал мұсылмандарына тигізген әсеріне ерекше назар аударылады, бұл осы көрнекті ойшылдың рухани мұрасының қаншалықты кең таралғанын көрсетеді. 

Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы айтпай кету мүмкін емес. Көрме ортағасырлық сәулет өнерінің туындысы, кешеннің сәулеті мен әшекейлерін бейнелейтін фотоматериалдарды ұсынады. Осылайша, экспозиция тек жәдігерлер жинағы ғана емес, Түркістанның бай тарихы мен мәдениеті, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ұлы тұлғалардың бүкіл өңірлер мен халықтардың рухани және мәдени өміріне әсері туралы жан-жақты баяндайды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, көрме 2025 жылдың 9 тамызы мен 12 қазаны аралығында жұмыс істейді.

Бұған дейін қазақ тазылары Хельсинкидегі Дүниежүзілік иттер көрмесінде әлемге таныстырылғанын жазған едік.