Орындалмаған жұмыс, кешіккен мердігер, созылған сот: былтыр Атырауда 22,6 млрд теңге игерілмей қалған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің 22 миллиард 628 миллион теңгеден астам қаражаты игерілмей қалған. Қаржының дер кезінде жұмсалмауына мемлекеттік тапсырыстардың уақтылы орындалмауы, созылған сот процестері, жобалық құжаттардың кешігуі және бюджеттік жоспарлаудағы олқылықтар себеп болған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Игерілмей қалған 22,6 миллиард теңге: себептері мен салдары

Өңірде облыстық бюджет шығысының 97,7 пайызға атқарылған. Дегенмен қазынадан қаржы қаралса да, уақытылы жұмсалмаған жағдайлар жетерлік. Пайдаланылмай қалған 22,6 миллиард теңгенің 19 миллиард теңгесі облыстық басқармаларға, ал 3,6 миллиард теңгесі аудандар мен Атырау қаласына тиесілі болып отыр.

Қаржының толық жұмсалмауы бойынша ең жоғары көрсеткіш құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында тіркелген 7,1 миллиард теңге. Мұнда Жем өзенінің түбін тереңдетуге бөлінген 5,1 миллиард теңге, білім беру нысандарына арналған 542 миллион теңге және денсаулық сақтау объектілерінің 457 миллион теңгесі орындалған жұмыс актілерінің ұсынылмауынан жұмсалмай қалды.

Ал Нұрсая мен Өркен шағын аудандарындағы емханалар құрылысына бөлінген 814 миллион теңге мердігерлердің жұмыс кестесінен қалыс қалуы салдарынан созылып, тұрғындарға арналған медициналық нысандардың уақтылы пайдалануға берілуін кешіктірді. Бұл нысандар әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Жіберілген бұл олқылықтар үшін басқарма басшысына «қатаң сөгіс» жарияланған.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында игерілмей қалған 6,7 миллиард теңгенің басым бөлігі, яғни 6,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен несиелік қаражаттың түспеуіне байланысты қалыптасты. Оған қоса, тауарлық балық өсіруді субсидиялауға өтінімдердің түспеуі салдарынан 165 миллион теңге пайдаланылмай, агроөнеркәсіптік секторды мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде жүзеге аспай қалды.

Білім беру басқармасы бойынша пайдаланылмаған 4,5 миллиард теңгеге келер болсақ, оның 2,9 миллиард теңгесі «Зияткер» мектеп-лицейіне ғимарат сатып алу бойынша сот процестеріне байланысты бұғатталды. Сонымен қатар № 9 және О. Сарғұнанов атындағы мектептердің күрделі жөндеуінің кешігуінен 348 миллион теңге, ал «Ақшағала» шағын ауданындағы 2000 орындық мектеп салу мемлекеттік жекешелік әріптестік келісімшартының қазынашылықта уақтылы тіркелмеуінен 409 миллион теңге игерілмей, оқу орындарын модернизациялау мерзімдері созылды.

— Негізгі себептер — жұмыс актілерінің болмауы, құрылыстың кестеден қалуы, сатып алу рәсімдерінің аяқталмауы және қызметтердің уақытында орындалмауы. 2025 жылғы бюджет кірісі жоспардан жоғары орындалды. Сонымен бірге 22,6 млрд теңгенің игерілмеуі жоспарлау, сатып алу және жобаларды іске асыру сапасына қатысты нақты қорытынды шығаруды талап етеді, - деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева.

Аудандар мен Атырау қаласы бойынша игерілмеген 3,6 миллиард теңге де жергілікті инфрақұрылымдық жобалардың бәсеңдеуіне әкеп соқты. Атап айтқанда, Жылыой ауданында орындалған жұмыс актілерінің болмауынан су тазарту стансасын сатып алу мен тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша 1,7 миллиард теңге жұмсалмаса, Атырау қаласында жол құрылысы, инфрақұрылым жүргізу мен абаттандырудың кешігуінен 1,6 миллиард теңгеге жуық қаржы пайдаланылмады. Бұған қоса, Атырау қаласы бюджетінің кіріс жоспары орындалмағандықтан, облыстық бюджетке 49,5 миллиард теңге көлеміндегі бюджеттік алып қоюлар аударылған жоқ.

Мемлекеттік аудит: 50,2 миллиард теңгені тиімсіз жоспарлау

Тексеру комиссиясы былтыр 106,5 миллиард теңге бюджет қаражатын тексеріп, заңнама талаптарының сақталмауынан 50,2 миллиард теңге тиімсіз жоспарланғаны анықталды. 

— Қаржылық заң бұзу 8,1 млрд теңгені, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің сомасы 14,2 млрд теңге, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау сомасы 21,3 млрд теңге, ал қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде анықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы 6,4 млрд теңге болып отыр. Бұдан басқа, бақылау қорытындысы бойынша 700 рәсімдік сипаттағы заң бұзу және 14 жүйелі кемшілік анықталды, - деді Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Болат Анжанов.

Аудит барысында қаржыны сапасыз жоспарлау мен орындалмаған жұмыстарға ақша төлеудің нақты фактілері анықталды. Мақат ауданында атқарылмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін мердігерлерге 521 миллион теңге заңсыз төленіп, 1,4 миллиард теңге тиімсіз жоспарланған. Құрманғазы ауданында да орындалмаған жұмыстарға 171 миллион теңге аударылып, әлеуметтік орталық пен су тазарту ғимараттарының құрылысы 3-3,5 жылға созылғандықтан, 3,9 миллиард теңге тиімсіз жоспарлау санатына жатқызылды. Ал Қызылқоға ауданында 1,1 миллиард теңгеге салынған су құбыры желілері жобалық ауытқулар мен жер асты су қорының жиналмауы себепті іске қосылмай, қаржы тиімсіз жұмсалған.

Білім беру саласында бюджеттік өтінімдерді артық есептеу мен қате жоспарлау кесірінен 927 миллион теңге тиімсіз жоспарланса, 2021 жылы салынған Атырау индустриалды колледжінің 387 миллион теңгелік жатақханасы бары-жоғы 20 пайызға ғана пайдаланылып отыр.

Спорт басқармасына қарасты ұйымдарда іссапар шығыстарының шекті мөлшерлемелері бекітілмей, 1,3 миллиард теңге тиімсіз жоспарланған.

Аудит қорытындысымен 137 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылып, 90 лауазымды және заңды тұлғаға 21,8 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынды. Қылмыстық заң бұзу белгілері бар 8 материал прокуратура органдарына жолданса, тексеру комиссиясының ықпалымен 11,6 миллиард теңге бюджетке қайтарылды және қалпына келтірілді.

Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың 1 қаңтарына облыстық бюджеттің дебиторлық қарыздары 10,1 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 41,9%-ға азайған. Оның ішінде өткен жылдардан жалғасып келе жатқан дебиторлық қарыз сомасы 705,0 млн теңге. Дебиторлық қарыздың көп бөлігі облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім беру, аудандық құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімдерінде алдын-ала төлем жүргізу салдарынан қалыптасқан.

Атырау облысының 2026 жылғы бюджеті 1,2 трлн теңгеге жуықтайды. Өзге өңірлердегі қаржы мәселесі мұнайлы астана да бар. Қазір аймақта бірнеше ірі нысан қатар салынып жатса, мемлекеттік сараптамадан өткен, жалпы құны 200 млрд теңгеден асатын тағы бірқатар жоба қаржы мен кезегін күтіп тұр.