«Өркен» білім грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

ТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті,

деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Республикалық комиссия ағымдағы жылдың маусым айынан бері өткен конкурстық іріктеудің қорытындысын шығарды. Және 7 сыныпқа оқушылар іріктеудің қорытындысы бойынша үміткерлердің қосымша тізімі бекітілді және 8-10 сыныптардағы бос орындарға қосымша конкурстық іріктеу өткізу туралы шешім қабылданды.

Министр өз сөзінде атап көрсеткендей, Елбасы грант үміткерлерін іріктеудің ашықтығы мен сапалылығына айрықша назар аударуды міндеттеп отыр. Назарбаев Зияткерлік мектептері «таңдаулы өнім» дайындауы керек. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сынақтан өткен жаңа стандарттар мен оқу әдістемелері кейін біртіндеп еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізілетін болады. Зияткерлік мектептерінің түлектері Назарбаев университетіне жаңа күш береді, жаңа формациядағы мамандар атанып, жоғары оқу орындарын толтырады, ел экономикасының барлық саласын нығайтуға атсалысады деген үлкен үміт бар.

Білім гранттары Астана, Көкшетау, Семей, Талдықорған және Өскемен қалаларындағы алты Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-10 сынып оқушыларының арасында бөлінді. Конкурстық іріктеуге 2 583 оқушы қатысты. Комиссия мүшелерінің қарауына 945 үміткер бойынша материалдар ұсынылды және оның шешімі бойынша 833 үміткерге грант тағайындалды. Тағы 112 үміткер биыл алғаш рет жасақталған резервтік тізімге енгізілді. Мектептерде бос орын пайда болған жағдайда, осы тізімдегі оқушылар қосымша конкурссыз Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға шақырылатын болады.