Бұл туралы ведомство баспасөз қызметі хабарлайды.
Республикалық комиссия Көкшетау, Талдықорған, Семей, Орал қалаларындағы физика-математикалық бағыттағы және Өскемен қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 7, 8, 9 сынып оқушыларын іріктеу конкурсының қорытындысын шығарды.
Конкурстық іріктеу 2012 жылғы 16 шілде мен 24 шілде аралығында өткізілді. Қабылдау комиссиясының нәтижесі бойынша «Өркен» грантын тағайындау конкурсына 827 оқушы құжат тапсырған. Конкурс нәтижесі бойынша 370 оқушы шектеулі балды жинады.
«Комиссия мүшелерінің қарауына шектеулі балл алған барлық үміткерлердің материалдары ұсынылды, сонымен қатар, Астана қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу орыс және қазақ тілінде жүретін 7 сыныптардың резервтік тізіміндегі 45 үміткердің және Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу қазақ тілінде жүретін 7 сыныптың резервтік тізіміндегі 43 үміткердің құжаттары ұсынылды» - делінген хабарламада.
Министрліктің берген мәліметтері бойынша, республикалық комиссия шешімімен 345 оқушы «Өркен» білім беру грантының иегері аталып, 114 оқушы резервтік тізімге енді.