«Өркен» гранты - дарынды балаларға

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Министр Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің-Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия отырысы өткізілді.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Республикалық комиссия Көкшетау, Талдықорған, Семей, Орал қалаларындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде және Өскемен қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 7, 8, 9 сынып оқушыларын іріктеу конкурсының қорытындысын шығарды.

Конкурстық іріктеу 2012 жылғы 16 шілде мен 24 шілде аралығында өткізілді. Қабылдау комиссиясының нәтижесі бойынша «Өркен» грантын тағайындау конкурсына 827 оқушы құжат тапсырды. Конкурс нәтижесі бойынша 370 оқушы шектеулі балды жинаған.

Комиссия мүшелерінің қарауына шектеулі балл алған барлық үміткерлердің материалдары ұсынылды, сонымен қатар, Астана қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу орыс және қазақ тілінде жүретін 7 сыныптардың резервтік тізіміндегі 45 үміткердің және Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу қазақ тілінде жүретін 7 сыныптың резервтік тізіміндегі 43 үміткердің құжаттары ұсынылды.

Республикалық комиссия шешімімен 345 оқушы «Өркен» білім беру грантының иегері аталса, 114 оқушы резервтік тізімге енді.