Өркениетті қоғамда зорлық-зомбылық болмайды – сарапшы пікірі

Өркениетті қоғамда зорлық-зомбылық болмайды. Мұндай пікірді Әкелер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ержан Ескендір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pexels.com

«Қазіргі кезде жастар отбасындағы, қоғамдағы өзінің міндетін, жауапкершілігін сезінбейді. Ер адам жас болса да, кәрі болса да жауапкершілігін білуі тиіс. ол Отанын, елін, жерін қорғау керек. Тоқырау кезеңі болды. Сол уақытта елді, жерді ұмыттық. Мұның бәрін ой елегінен өткізетін кез жетті. Ол үшін тарихымызды, әдебиетімізді білуге тиіспіз. Біз білімді, тәрбиені қолға алсақ, бәрі жақсы болады. Қазіргі уақытта орын алып жатқан келеңсіздіктің бәрі жұмысымыздың төмен екендігін көрсетіп отыр», - деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, тәлім-тәрбие әр адамның өзінен басталуы тиіс.

«Тәрбиелі, білімді адамның отбасында, өркениетті қоғамда зорлық-зомбылық болмайды. Егер әркім қара басын ойлайтын болса, онда зорлық-зомбылық та тоқтамайды. Ол ары қарай жалғаса береді», - деді Ержан Ескендір.

Айта кетейік, елордада Орталық Азия өңірінде әйелдер мен қыздарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға ер-азаматтары жұмылдыру саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған өңірлік семинар-тренинг өтіп жатыр.