Аталған мәселені жан-жақты талқылауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Грузия, Пәкістан және Түркіменстан елдерінен депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар келді.
«Алайда республикада балалар мен әйелдер құқығын қорғау бағытында елеулі шаралар атқарылып жатса да, өкінішке қарай, қоғамда жасөспірім қыз балаларға қатысты зорлық-зомбылық, күштеп ерте қиылатын некелер секілді фактілер орын алуда. Бұл тұрғыда біз шарасыздық танытпай, осы құбылыстар жайында ашық айтуымыз керек. Осы құбылыстарға мүлдем жол берілмеуі тиіс», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина.
«Өркениетті қоғамның өзінде байқалып жүрген балалар некесі фактілері немен байланысты екен?! Сарапшылардың біреулері осының себебін қалыптасқан дәстүрлі әлеуметтік-мәдени ғұрыппен баланыстырса, екіншілері бұл құбылыс кедейшілікке, білім деңгейіне қатысты екенін, сондай-ақ ауылдық жерде тұрғандықтан болып жатады дегенді алға тартуда», - деп тоқталды ол.
Осы орайда депутат мұндай құбылыстың салдарынан бейкүнә балалар зардап шегіп, олардың жеке денсаулығына зиян келетінін және күштеп қиылатын некеден жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы секілді қайғылы оқиғалар болып жататындығын сөз етті.
«Қазақстан заңнамасы күштеп ерте қиылатын некелерге тыйым салады. Сондықтан да балаларды қорғау мәселесіне біздің мемлекет жалпыұлттық басымдық беріп отыр», - деді М. Айсина.