«Өркениеттің даму жолы бәрібір атомды игеруге апарады...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында маңызды үш мәселе қаралды. Оның біріншісі еліміздегі білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, осы бағдарламаны іске асырудың 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары­ның бекітілген. Оларды жүзеге асы­руға қосымша 461,1 миллиард теңге қаржы бөлу көзделеді. Ал «Саламатты Қазақстан» деп аталатын бағдарлама аясында ел халқының 40 пайыз­дайы ауылды жерлерде тұ­ратыны ескеріле отырып, оларға медициналық көмек­тің қол жетімділігіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде осы мақсатта өңір­лер­ге 11 жылжымалы меди­ци­налық кешендер жеткізілді. Жыл соңына дейін олардың саны 50-ге дейін арттырылады. Осы және «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Халықтың өмір сапасын жақсарту сан түрлі бағытпен алға баспақ» деген мақалаға назар аударыңыз.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген бірқатар шетелдік елшілерді, атап айтқанда, Украина және Франция елшілері Олег Демин мен Жан-Шарл Бертонды және Еуропалық Комиссия өкілдігінің басшысы Норбер Жустенді қабылдады. Қабылдау барысында шетелдік дипломаттар Чер­но­быль апа­тына 25 жыл толуы қарсаңында үстіміздегі жыл­дың сәуірінде Киев қала­сында жоспарланып отыр­ған қауіпсіздік және яд­ро­лық энергияны инновациялы пай­далану жөніндегі сам­митке қатысуға шақыр­ған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Украина мен Франция президенттері қол қойған үндеу-хатты Қанат Саудабаевқа ресми түрде табыс етті.

***

Президент өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасы қызу талқыланып жатқанда, мемлекет басшысының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев президент сайлауын қолдаушылар қатарынан табылған болатын. Саясаткер «Айқын» газетінің бүгінгі санында басылымның бірқатар сауалына жауап бере отырып, жексенбілік дауыс беруден кейін қоғамда болатын өзгерістер жайын талдапты. Мәселен, басылым тілшісінің «Президент сайлауынан кейін жаңа Үкімет жасақталатын шығар?» деген сауалына ол: «Ашығын айтсам, бұл тақырыпқа Мемлекет басшысымен сөйлескен жоқпын. Мен солай болады деп ойлаймын әрі үміттенемін. Өйткені қоғам белгілі бір бетбұрыстар күтеді. Қалыптасқан дәстүр бойынша Президентке жол ашып, ерік беру үшін елдегі барлық атқарушы билік отставкаға кетеді. Сондықтан кадрлық жаңартулар болып, жаңа Үкімет жасақталады», - дейді. Сұхбат «Назарбаев - Қазақстанның, халқы - Назарбаевтың бағы» деген тақырыппен берілген.

Дүйсенбі күні тал түсте Алматының қақ ортасында инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасалып, қырық млн. теңге қолды болып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, екіншісі жарақат алды. Осы оқиға арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қырық миллионды қымқырғандар қолға түсті ме?» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, Қазір білікті із кесуші мамандар болған оқиғаның басқа жақтарын ашуға күш салуда. Қарақшылардың әкеткен ақшасы 275 мың доллар немесе 40 млн теңгенің шамасында көрінеді. Із кесу жұмыстары жүріп жатқандықтан тергеу амалдарына кері әсерін тигізбеу үшін операцияның бүге-шігесі айтылмайды.

***

«Өркениеттің даму жолы бәрібір атомды игеруге апарады...». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақала кеше елордада өз жұмысын бастаған Бірінші қазақстандық халықаралық өнеркәсіптік инновациялық форумға арналған. Осы жиынды ашып сөз сөйлеген Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов күншығыс еліндегі қайғылы апаттан кейінгі атом стансасына қатысты ресми көзқарасты да қысқаша түйіндей келіп: «Біз Жапонияда орын алған оқиғаларды есепке ала отырып, атом энергетикасын, оның ішінде атом электр стансаларын салу мәселесіне қатысты өз қадамдарымызды тағы бір мәрте қайта қарауға тиіспіз деп ойлаймын. Оның ішінде де негізінен атом стансаларының қауіпсіздігі мәселесіне бұрындыған да көп көңіл бөлінуі шарт», - депті.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында география ғылымының докторы, профессор Жақыпбай Достайұлымен арадағы сұхбат «Таза ауызсуды қала көшелерінің шаңын басуға пайдаланғанымыз қалай?!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Су есептегіш орнатылған күннің өзінде біздің халқымыз әлі күнге тектен-текке суды ағызып қоятын әдетін қоя алмай отыр. Басқа елдерде пайдалануына қарай техникалық су мен ауызсу екіге бөлінген. Ал біз барлық мақсатқа таза ауызсуды пайдаланып жатырмыз. Бұл бетімізбен кете берсек, судың зардабын қатты тартатын кез келеді», - дейді.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық және сыбайлас жемқор­лықпен күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрес - бұл қаржы полициясының негізгі міндеті екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмысты едәуір жандандыру қажет. Мемлекет басшысы Қазақстанның міндеті жемқорлық деңгейі анағұрлым төмен мемлекеттер қатарына ену екенін атап өтті. Қаржы полициясы агенттігі шағын және орта бизнестің ісіне араласпауы тиіс. Осыған байланысты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау жөніндегі шараны күшейту қажет.