«ӨРЛЕУ АҚПАРАТЫ» инновациялық тақырыбындағы үздік журналистік материалға байқау өткізіледі

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен Технологиялық қолдау агенттігі «ӨРЛЕУ АҚПАРАТЫ» инновациялық тақырыбындағы үздік журналистік материалға байқау жариялады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Байқаудың мақсаты - бұқаралық ақпарат құралдарын инновацияны таратуға тарту және БАҚ-та инновациялық тақырыпқа арналған материалдардың сапасын арттыру.

Оған қатысуға БАҚ-тың барлық түрлері - баспа басылымдары, электрондық БАҚ, телевидение мен радио шақырылады. Барлық материалдар инновациялық тақырыпқа арналуы тиіс - ақпараттарда Қазақстандағы ұлттық инновациялық жүйенің жай-күйі және даму перспективалары, инновацияларды енгізу мәселелері байыпты жазылуы шарт. Қазақ және орыс тілдеріндегі материалдар қабылданады.

Бір жеңімпазға 1 000 000 теңге көлемінде Гран-при тапсырылады. Байқаудың жалпы жүлде қоры - 2,6 млн.теңге. Сондай-ақ аталымдар бойынша жеңімпаздар көзделген, әрбір аталымда қазақ және орыс тілдеріндегі материалдар болуы тиіс. Мынадай аталымдар бар: «Үздік телевизиялық сюжет/бағдарлама», «Баспа басылымындағы үздік жарияланым», «Үздік радиобағдарлама/радиорепортаж», «Үздік интернет материалы/Фоторепортаж». Сондай-ақ биылғы жылы «Үздік инновациялық тақырыптағы блогер» жаңа аталымы қосылды.

Байқау қорытындысы ағымдағы жылғы қазан айында салтанатты түрде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен шығарылады.

Қатысуға өтінімдер 2013 жылғы 1 қазанға дейін қабылданады. Байқауды өткізу туралы қосымша ақпарат, өтінімдер нысаны, сондай-ақ басқа да пайдалы ақпарат агенттіктің www.natd.gov.kz сайтында көрсетілген.