«Өрлеу» бағдарламасы аясында қандай салалар қаржыландырылады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылы «Өрлеу» жеңілдікті қаржыландыру бағдарламасы кеңейтіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

— Орта бизнесті дамытуды ынталандыру, сондай-ақ банктердің еркін өтімділігін экономикаға тарту мақсатында биыл сәуір айынан бастап «Өрлеу» жеңілдікті қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылды. «Өрлеу» бағдарламасы аясында қаржыландыру қоса қаржыландыру шарттарымен банктердің және «Даму» қорының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте банктер белгілейтін маржа 2 пайыздық тармақтан, ал түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы — инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыру — 3,5 млрд теңгеге дейін, — деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьердің айтуынша, бағдарламаның мақсаты — өндірісті кеңейту, жұмыспен қамтуды арттыру, технологиялық жаңарту және экономиканы әртараптандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Қаржыландыру негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөңдеу, логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа басым салаларға бағытталады.

— «Өрлеу» бағдарламасын іске асыру кезеңінде 505 млрд теңгеге жуық кредит сомасына 1800-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Келесі жылы бағдарламаны кеңейту мәселесі қаралады. Алайда бүгінгі күні «Өрлеу» қатысушыларының лизинг бойынша бағдарламаны пайдалану мүмкіндігі бар, — деді ол.

Бұған дейін «Іскер аймақ» бағдарламасы қандай бағыттарда іске асырылатынын жазған едік.