Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінде 59 химиялық
өрттен қорғау стансылары бар. Сондай-ақ комитетте 147 өрттен қорғау техникасы бар. Бұған қоса тағы 180 тіркегіші бар тракторлар мен 88 биікке көтерілетін құрылғылар бар. «Соған қарамастан, бізде өрттен қорғау техникасы әлі де болса жеткіліксіз. Бұл комитетке қарасты мекемелер мен оған жатпайтын, яғни жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы ұжымдарда бірдей қалыптасқан жағдай», деді комитет төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, қазір комитет өкілдері тиісті органдарға өтініш жасап, онда 2011 жылға қажетті құрал-жабдықтар алуға қаржы бөлу мәселесі қаралуда. «Әрине, қазіргі бар техникамен де қолға алынған істен бір нәтиже шығаруға болады. Бірақ біз ескі техникамен уақыттан да, жеделдік жағынан да, өнімділік жағынан да ұтылатынымыз анық. Бүгінде орманды алқаптарды өрттен қорғауға ең көп қажетті техника шынжыр табанды тракторлар. Ал олардың саны бүгін белгіленген норманың 30 пайызын ғана құрайды. Бұл техника өртті сөндіруде өте қомақты жұмыстар атқарады», деді Е.Нысанбаев.