Орман шаруашылықтарын техникамен жабдықтау бюджеті 5,6 млрд теңгеге қысқарған
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында облыс орман шаруашылықтарын техникамен жабдықтау бюджеті неге қысқартылғанын түсіндірді.
— Орман шаруашылықтарын қамтамасыз етуге 2023-2027 жылдарға арналған жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңге болып белгіленген. Бюджет тапшылығына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру 8,7 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқарды. Министрлік орман қорғау мекемелерін утиль төлем есебінен жарақтандыруды ұсынды. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес орман шаруашылықтарын жарақтандыру мақсатында лизинг арқылы 35 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 15 млрд теңге министрліктің мекемелеріне қарастырылған. Бүгінгі күнге жылдың басынан бастап 3,7 млрд теңгеге 136 шағын орман патрульдік кешені мен 60 трактор сатып алынды, — деді ол.
Ведомство басшысының айтуынша, маусым айының соңына дейін құны 11,3 млрд теңге болатын 166 өрт сөндіру машинасы мен 27 шағын орман патрульдік кешенін, 15 трактор сатып алынбақ.
— Облыс әкімдіктері мекемелеріне утиль төлем есебінен лизингке 20 млрд теңге бөлінді. Оған қоса қажетті техниканы сатып алуға жергілікті бюджеттерде 6,3 млрд теңге қарастырылған. Осылайша, биыл әкімдіктердің орман шаруашылықтарына жалпы құны 26,3 млрд теңге болатын 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман патрульдік кешенін және 247 тракторды сатып алу жоспарланған. Қабылданған шаралар еліміздің, орман өрті ең көп болатын, 11 өңірдің орман шаруашылықтарының техникасын жаңартып оларды 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді, — деді Ерлан Нысанбаев.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өрт сөндірушілер қамыс пен шөпті шарпыған тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.