Орман шаруашылықтарын жабдықтау үшін 68 млрд теңгеге кешенді жоспар әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет 2023-2027 жылдары Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуын нығайту бойынша жалпы сомасы 68 млрд теңгеден асатын Кешенді жоспар қабылдады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

Фото: Ертіс орманы резерваты

«Өткен жылы министрліктің табиғат қорғау ұйымдары үшін шамамен 9 млрд теңгеге 25 өрт сөндіру автокөлігі, 51 шағын өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік автокөлігі және 655 өртке қарсы жабдықтар сатып алынды. Әкімдіктер 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігін, 127 трактор мен 76 патрульдік автокөлікті сатып алды. Бұған дейін орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға мұндай қаржы көлемі бөлінбеген», - деді Е. Нысанбаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік орман иеленушілері жаңа техниканы сатып алуына қарамастан қолда бар техниканың тозу проценті жоғары.

Мәселен, өрт сөндіру машиналары бойынша 72%, тракторлар бойынша – 50% және патрульдік автокөліктер бойынша – 55% тозу байқалады.

«Биыл Кешенді жоспар аясында материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жалғасады. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 3,8 миллиард теңге, министрліктің табиғатты қорғау мекемелері үшін 15,4 миллиард теңге бөлінді», - деді Экология министрі.

Айта кетейік, өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Биыл да аптап ыстық пен құрғақшылық болжанып отыр.