Орман шаруашылығы мамандарының жалақысын өсіруде бөліп-жармау керек - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орман шаруашылығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, мамандардың бәрінің айлығын дереу 100 пайызға көтеру керек. Бұл ұсынысты Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абай облысында орман өрті болып, ондаған азаматымыздан айрылған соң, Экология министрі «орманшылардың жалақысы осы жылдың 1 шілдесінен бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі, Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын «ұмытып кеткен». Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар маман кірген. Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, кіші қызметкер, бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиын да қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп, әдейі бүкіл қызметтің атауын тізім шықтым», - деді Н. Сәрсенғалиев Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, БҚО-дағы орман шаруашылығында қызмет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге айлық алады. Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай.

«Біздің депутаттарға келген хатты Экология министріне жіберіп едім, сырғытпа жауап келді. Онда «жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған. Екіншіден, орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозған. Тракторлар жүрмейді, көліктер баяғыда темір-терсекке айналған. Бұл елдегі бүкіл орманшылардың арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасақталған бірі жоқ», - деді депутат.

Оның пайымынша, орман шаруалығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің айлығын дереу 100 пайызға көтеру керек.