Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті азаматтарды орманды өрттен сақтау шараларына атсалысуға шақырды

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - Өртке қауіпті маусымның басталуына байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті барлық азаматтарды орманды өрттен сақтау шараларына атсалысуға шақырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жергілікті халық, демалушылар, көлік құралдарының жүргізушілері орманда оттан сақ болып, от жақпай, өшпеген шырпылар мен темекі тұқылдарын тастамауы қажет. Орманда жұмыс істеу үшін пайдаланылатын механикалық көлік құралдары өрт сөндіретін приборлармен және ұшқын өшіргіштермен жабдықталуға тиіс. Орман өрті ? стихиялық апат, ол орманға ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаға да үлкен зиян келтіреді. Орман өрттерінен келетін жыл сайынғы нұқсан жүздеген миллион теңгені құрайды.Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Орман кодексіне сәйкес және климат факторларын және ауа райы жағдайларының болжамын есепке ала отырып, 2009 жылы ормандағы өртке қауіпті маусымның басталуы мен аяқталу күнін белгіледі. Бұл оңтүстік өңірлерде - сәуірдің 1-інен қарашаның 10-ына дейінгі, Ертіс өңірінің жалды ормандарында - сәуірдің 10-ынан қарашаның 10-ына дейінгі, солтүстік өңірлерде сәуірдің 20-ынан қазанның 31-іне дейінгі мерзімді қамтиды. Көрсетілген өңірлерде өрт қаупі бар маусым басталарда «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының күшімен тікұшақтар мен ұшақтарды пайдалану есебінен ормандарды авиациямен қарауылдау қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге мемлекеттік орман иеленушілердің басшылары өрт қаупі бар маусымда кеңселерде, өрт сөндіру-химия стансыларында және өрт бақылау мұнараларында кезекшілік ұйымдастырады. Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекцияларының, табиғат қорғау мекемелерінің және орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің басшылары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шаруа қожалықтарының және өзге ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына іргелес ауыл шаруашылығы танаптарында, жайылымдар мен шабындықтарда аңыздықты, егістік және басқа да өсімдік қалдықтарын өртеуіне жүйелі түрде бақылау жасалуын қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар әзірледі. Өкінішке қарай, биыл қардың көбесі сөгілмей жатып «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде ірі орман өрті тіркелді.