Ормандағы өрт: Қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапқа тартылмақ
«Абай облысындағы ауқымды өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3 бөлігі бойынша іс қозғалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында аталған істің тергелуі Бас прокуратураға жүктелді. Осы орайда құқық қорғау органдарының білікті тергеушілері мен жедел уәкілдерді жұмылдыра отырып, тиісті тергеу тобы құрылды. Қазір тергеу тобы Абай облысындағы апат аумағында жұмысын бастап кетті», - деді Ж. Өмірәлиев.
Оның айтуынша, аталған қылмыстық істі Бас прокурор өз бақылауына алды.
«Өрттің салдарын, қоршаған ортаға келтірілген залалды, 14 адамның өз қызметтік борышын өтеу барысында қаза болуын ескере отырып, тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Қызметіне салғырт қарау бабы бойынша өз қызметін тиісті деңгейде атқармаған, ауыр зардапқа жол берген барлық лауазым иелері қылмыстық жауапқа тартылады», - деді Бас прокуратура өкілі.