Орманды жерлерді тиімді басқарудың жаңа тетіктері енгізілді - Сенат
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
Парламент Сенатының депутаттары бастамашылық жасаған Заң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) саласындағы заңнаманы жетілдіруге, ЕҚТА саласындағы құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға бағытталған.
- Мақұлданған заң орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатымен әзірленген. Жаңа нормалар Қазақстан Республикасы жер қорының жекелеген санаттарын қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып пайдалану ерекшеліктерін нақтылайды. Сонымен қатар заң аясында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру жүйесін қамтамасыз ететін арнайы қордың қызметі реттеліп отыр. Заңның мақұлдануы орманды жерлерді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, заң аясында Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Еңбек және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 9 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
аңда мыналарды көздейтін түзетулер енгізіледі:
- жергілікті халықтың мұқтаждары үшін Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында шөп шабуға рұқсат беретін нормалар;
- орманды көміртекті офсеттеріне құқықты иелену және оларды сату мәселелері;
- орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерін тартқан жағдайға авиаотын резервін құру жөніндегі нормалар;
- ауылдық жерлерде қызметін жүзеге асыратын табиғат қорғау мекемелері жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысын кемінде 25 пайызға көтеру;
- жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру құралдарын кеңейту жөніндегі нормалар.
Бұдан басқа, Заңда ЕҚТА-да орналасқан туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету мәселелерін көздейтін түзетулер енгізіледі. Осыған байланысты құзыретті мемлекеттік органдарға инфрақұрылым мәселелерін реттеу бөлігінде өкілеттіктер беріледі, сондай-ақ бюджеттің шығыс бөлігінің мәселелері регламенттеледі.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заңды биыл маусым айының басында қабылдады.