Ормуз бұғазы маңында мұнай танкері минаға жарылып, өртенді – Иран

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазының шығыс бөлігінде мұнай танкері теңіз минасына жарылып, өртенгенін мәлімдеді. Оқиға таңертең болған. Бұл туралы Анадолы хабарлайды.

Фото: BBC

Иран тарапының мәліметінше, таңертең екі танкер бұғаз арқылы тыйым салынған бағытпен өтуге әрекеттенген. Соның бірі теңіз минасына жарылған. Ал екінші кеме бағытын өзгертіп, кері қайтуға мәжбүр болған.

Тегеран АҚШ пен Израильге қарсы соғыс басталғаннан кейін, 2 наурызда Ормуз бұғазын жапқан. Бұған жауап ретінде Вашингтон 13 сәуірде Иранға қарсы теңіз блокадасын енгізді.

Ұлыбританияның теңіз саудасы жөніндегі ұйымының (UKMTO) дерегінше, соғыс басталғалы Ормуз бұғазы мен оған іргелес суларда 140-тан астам кемеге шабуыл жасалған.

Еске салайық, Ормуз бұғазында бір тәулік ішінде төрт танкер өртенді.