Ормуз бұғазында екі супертанкер жарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде теңіз миналары жарылып, екі мұнай супертанкері қатты зақымданды, деп хабарлайды Anadolu .

Фото: Anadolu

Бұл туралы Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәлімдемесінде айтылған.

Мәліметке сәйкес, жалпы сыйымдылығы 4,5 миллион баррельден асатын екі мұнай супертанкері таңертең Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекет жасаған.

Кемелер бұғаздың оңтүстік бөлігінде «рұқсат етілмеген» бағытпен жүзіп бара жатқанда теңіз миналарына соғылып, жарылыс болған.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының хабарлауынша, жарылыстан кейін кемелердің экипаждары бортты тастап кеткен.

Жарылыс салдарынан танкерлердің машина бөлімдері қатты зақымданып, кемелер өздігінен қозғалу мүмкіндігінен айырылған. Зақымданған танкерлердің кадрлары Иранның мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген.

Бұған дейін, 12 шілдеде Тегеран 8 шілдеде Иранға қарсы АҚШ шабуылдары қайта басталғаннан кейін Ормуз бұғазын қайта жабатынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ Иран билігі бұғаз арқылы «рұқсатсыз» және Тегеран белгілеген бағыттардан тыс өтетін кемелерге соққы жасалатынын ескерткен.

Бұған дейін Ормуз бұғазы маңында мұнай танкері минаға ұрынғаны хабарланған болатын.