Ормуз бұғазындағы Иран мен АҚШ күштері арасындағы қақтығыстар тоқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Ормуз бұғазында Иран қарулы күштері мен АҚШ әскери күштері арасындағы оқтын-оқтын болған қақтығыстар тоқтады. Алайда олардың қайта жалғасу ықтималдығы сақталып отыр. Бұл туралы ирандық Tasnim агенттігі хабарлады.

Фото: Anadolu

Агенттік мәліметінше, Иран қарулы күштері АҚШ әскери-теңіз күштерінің кемелері Парсы шығанағына кіруге немесе ирандық кемелерді қудалауға әрекет жасаған жағдайда жауап шараларын қабылдайды.

Иранның Fars News Agency агенттігі бұған дейін соңғы сағаттарда Ормуз бұғазында Иран қарулы күштері мен америкалық әскери кемелер арасында жекелеген қақтығыстар болғанын хабарлаған.

Мәліметке сәйкес, АҚШ-тың Иран мұнай танкеріне жасаған шабуылынан кейін Иран әскери-теңіз күштері аймақтағы америкалық әскери кемелерге зымырандар мен камикадзе-дрондар арқылы соққы жасаған. Бұған жауап ретінде америкалық күштер Иранның оңтүстік жағалауындағы порттарға шабуыл жасаған.

Иран АҚШ-ты азаматтық нысандарға соққы жасады деп айыптады. Тегеран мәліметінше, азаматтық кемеге жасалған шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, тағы он адам жараланған. Сонымен қатар төрт адамның із-түзсіз жоғалғаны хабарланды.

Өз кезегінде АҚШ Қарулы күштері орталық қолбасшылығы – CENTCOM Иран «ешқандай арандатусыз» Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан АҚШ әскери-теңіз күштерінің кемелеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ал америкалық тарап «өзін-өзі қорғау мақсатында» жауап қайтарғанын айтты.

Кейінірек Иран шетелдік мұнай танкерін ұстағанын хабарлады. Тегеранның мәлімдеуінше, кеме аймақтағы жағдайды Иран мұнайының экспортына зиян келтіру мақсатында пайдалануға тырысқан.

Айта кетейік, кеше АҚШ Иранның екі портына шабуыл жасағанын хабарладық.