Ормуз бұғазындағы шиеленіс мұнай бағасының өсуіне әсер етті

АСТАНА. KAZINFORM — Жұма күні әлемдік нарықта мұнай бағасы өсті. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің созылып кетуі және Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына қатысты тәуекелдердің күшеюі себеп болды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Фото: Fars news

Brent маркалы мұнайдың бағасы 84 цент өсіп, барреліне 83,33 долларға жетті. Ал WTI маркалы мұнай 89 цент қымбаттап, баррелінің бағасы 78,18 доллар болды.

АҚШ-тағы еңбек нарығына қатысты жаңа мәліметтер де мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Шілде айында елде 23 мың жұмыс орны қысқарған. Бұл АҚШ Федералды резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемені одан әрі көтеру ықтималдығына қатысты нарықтағы болжамдарды әлсіретті. Ал ақша-несие саясатының жұмсаруы, әдетте, жанармайға деген сұраныстың артуына ықпал етеді.

Мұнай нарығына Ормуз бұғазындағы ахуал да әсер етіп отыр. Иранда америкалық және израильдік кемелердің бұғаз арқылы өтуін шектеу, сондай-ақ транзиттік алым енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Алайда АҚШ билігі мұндай төлемдерге қарсылық білдіріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін әлемдік мұнай бағасы Иран төңірегіндегі шиеленіс пен шикізат жеткізіліміне қатысты қауіптердің күшеюіне байланысты 1%-дан астам өскенін хабарлаған едік.

6 тамыздағы кешкі жағдай бойынша Brent маркалы мұнайдың қазан айындағы фьючерстері 1,04% өсіп, баррелі 80,28 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 0,81% қымбаттап, баррелі 75,83 долларға жетті.