Ормуз бұғазының оңтүстігінде екі мұнай танкерінде жарылыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) әскери-теңіз күштері түнгі уақытта Ормуз бұғазының оңтүстігінде екі мұнай танкері теңіз миналарына соғылып, жарылғанын және өртенгенін мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы жазды.

Фото: Анадолы

КСИР әскери-теңіз күштерінің хабарламасында танкерлер Ормуз бұғазынан тыйым салынған бағытпен жасырын өтуге тырысып, навигациялық жүйелері мен автоматты сәйкестендіру жүйесін (АИС) өшіріп қойғаны айтылған.

Мәлімдемеге сәйкес, теңіз миналарына соғылған танкерлер жарылып, кейін қатты өрт шыққан.

Сондай-ақ бұғаздан жасырын өтпек болған тағы екі мұнай танкері КСИР әскери-теңіз күштерінің Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын басқару орталығының ескертуіне құлақ асып, Парсы шығанағына қарай кері бұрылғаны хабарланды.

Иран АҚШ 8 шілдеде шабуылдарын қайта бастағаннан кейін, 12 шілдеде Ормуз бұғазын қайта жапқан.

Тегеран билігі өзі белгілеген бағытпен жүрмейтін және бұғаздан «рұқсатсыз» өтетін кемелерге соққы беретінін ескерткен.

КСИР Бахрейндегі АҚШ әуе қорғанысы жүйесінің радарына дрондармен шабуыл жасалғанын мәлімдеді

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Бахрейндегі Әл-Рифаа тікұшақ базасында орналасқан АҚШ әуе қорғанысы жүйесінің радиолокациялық станциясына алты ұшқышсыз ұшу аппаратымен (дрон) шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

КСИР хабарламасында корпустың Әуе-ғарыш күштері алты дрон арқылы Бахрейндегі Әл-Рифаа тікұшақ базасында орналасқан америкалық әуе қорғанысы жүйесінің радарына соққы бергені айтылған. Корпус бұл шабуылды АҚШ армиясының шабуылына жауап ретінде жасалған әрекеттің екінші кезеңі деп атады.

Мәлімдемеде дрондардың нысанаға дәл тигені айтылған. Сондай-ақ шабуыл дыбыстары Бахрейннің бірнеше ауданында естілгені хабарланды.

Бұған дейін Бахрейн Ішкі істер министрлігі қауіп туралы ескертуге байланысты тұрғындарды жақын маңдағы қауіпсіз жерге баруға шақырған. Алайда ведомство хабарламасында қауіптің нақты сипаты көрсетілмеген.

КСИР бұған дейін жариялаған мәлімдемесінде Сирик қаласына жасалған шабуылға жауап ретінде Бахрейндегі АҚШ-тың ерте ескерту радарына соққы беріліп, оның жойылғанын хабарлаған еді.

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазында мұнай танкері өртенгенін хабарлады.